2011 жылдың қорытындысы
Алматы облысында 905 медициналық мекеме жұмыс істейді, оның 848 (93,7 %) мемлекеттік, 57 (6,3%) жекеменшік болып танылады.
Денсаулық сақтау мекемелерінің 89,7 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Ауруханалардағы төсек саны 1419-ға өсіп, төсек саны 8889-ға жетті. 10 мың адамға есептегенде төсек саны 47,4 болып, 6,5 пайызға өсті (2010ж. - 44,7).
Дәрігерлер саны 2010 жылғы 3311-ден, осы жылы 3920-ға жетіп, 15,6 пайызға өсті. 10 мың адамға есептегенде дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші 21,0-ді құрады, ал 2010 жылы 19,3 болған.
Облысымызға, бірінші кезекте ауылдық жерлерге жас мамандарды жұмысқа тарту үшін көп шаралар атқарылуда.
Биылғы жылы Алматы облысы әкімі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі және С. Асфендияров атындағы медициналық университетімен үш жақты келісімге сәйкес, біздің облысымызға осы университеттің 114 түлегі мен Семей медициналық академиясының 30 жас маманы жұмысқа келді, оның 74-і - ауылдық жерлерге орналастырылды.
Облысымызға жұмыс істеуге келген барлық жас мамандарға көтерме жолақысы төленіп, басқа да коммуналдық жеңілдіктер берілді. Қала типтес кенттерде істейтін мамандарға 25 пайыздық қосымша қаражат төленіп, ауылдық жерде істейтін мамандармен тенестірілді.
Бүгінгі күні облыс әкімінің Грантымен медициналық жоғары оқу орындарында 75 студент білім алуда.
2011 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат 36,8 млрд. теңгеден 41,3 млрд. теңгеге жетіп (стационарлық және стационарды алмастыру көмегін қосқанда) 11,0 пайызға көбейді. Облыс бюджетінің өсуі бір аурудың емделіп шығу базалық ставкасын 19,0 пайызға көтеріп, 78055 теңгеге жетті. (2010-62948 теңге).
Соңғы жылдары емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайы жақсаруда. Елбасымыздың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Еңбекшіқазақ, Талғар аудандық орталық, Алакөл ауданының Достық кентінде ауылдық және Іле ауданының Өтеген-батыр кентінде Алматы аймақтық балалар ауруханалары пайдалануға берілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 350 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы бойынша Жолдауын іске асыру мақсатында біздің облысымызда 28 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отыр.
Жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгеге 11 дәрігерлік амбулатория салынып, 30 денсаулық сақтау нысанына 658,5 млн. теңгеге күрделі жөндеу аяқталуда. Облыстың денсаулық сақтау мекемелеріне жергілікті бюджеттен 732,0 млн. теңгеге және республикалық бюджеттен 2,1 млрд. теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды.
Тұрғындарға уақытылы және қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 40 санитарлық автокөлік және 5 жылжымалы медициналық кешен алынды. Облыста алыс елді мекендердің тұрғындарына сапалы, жоғары мамандандырылған медициналық көмекті жақындату бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде.
Бұған дәлел, 14 теле - мобильдік медицина, екі санитарлық авиация бөлімшесінің ашылуы және Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада жұмыс істеп тұрған жылжымалы медициналық кешен.
Бұдан басқа, науқастардың әр түрлі ауруларын тексеру үшін облыста 3 қазіргі заманғы компьютерлік томограф, 8 маммограф, жаңа туған нәрестелер үшін 30 СИПАП аппараты, 73 кювез және 30 өкпені жасанды жолмен демалдыратын аппарат жұмыс жасайды.
Соңғы жылдары облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруы облыстың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемінің өсуі, медициналық көмек көрсету сапасының жақсаруы, әлеуметтік маңызы бар аурулар деңгейін тұрақтандыруға және төмендетуге ықпал етті.
Облысымызда 2010 жылдан бастап енгізілген Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі медициналық көмек алу үшін, әрбір емделушіге емхананы және аурухананы таңдауына мүмкіндік туды. Облыстың медициналық ұйымдарында электрондық құжатайналымы бойынша инновациялық технологиялар енгізілуде. Ескелді аудандық орталық ауруханасы республикалық деңгейдегі оқу базасы болып табылады.
Елбасымыздың тапсырмасы бойынша қабылданған 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасында тұрғындардың денсаулығын жақсарту бойынша міндеттер айқындалды:
- адамның өмір сүру жасын 70 жасқа жеткізу;
- ана және сәби өлімін 1,5 есеге азайту;
- жалпы өлім деңгейін 15 пайызға азайту;
- туберкулез ауруы көрсеткішін 10 пайызға азайту;
- тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету
деңгейін көтеру, әсіресе шалғайда жатқан ауыл тұрғындарына
баса көңіл бөлу;
- тұрғындардың 25 пайызында салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Денсаулық сақтау саласындағы мәселелер:
- Бүгінгі күні денсаулық сақтау жүйесіне 375 дәрігер қажет.
- Медициналық қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету.