2012 жылдың 1-ші тоқсаны бойынша ақпарат
Тұрғындарды жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысуға тарту мақсатында олардың арасында спорттық-бұқаралық шаралар өткізіліп тұрады. 2012 жыл басынан 198 (оның ішінде ауылдық жерлерде 177) спорттық-бұқаралық шара өткізіліп, оған 31 385 (оның ішінде ауылдық жерлерде 25160) адам қатысты.
Барлық аудандарда балалар мен жасөспірімдер арасында спорт түрлері бойынша спартакиадалар, турнирлер, біріншіліктер, спорттық-бұқаралық шаралар ұйымдастырылып өткізілуде.
2012 жылғы 23 және 26 ақпан аралығында Райымбек ауданы Сарыжаз ауылында шаңғы тебуден Алматы облысының Чемпионаты өтті. Жарысқа 6 ауданнан 30 астам адам қатысты. 9-11 ақпан күндері аралығында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Нұра ауылында «Саят» ұлттық спорт түрінен «Сонар-2012» республикалық жарысы өтті. Жарысқа Астана, Алматы қалаларынан, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Алматы облыстарынан 45 бүркітші (37 бүркіт, 8 қаршыға) қатысты. 4-5 наурызда Талдықорған қаласының «Жастар» спорт сарайында қазақ күресінен «Жетісу Барысы» облыстық турнирі өткізіліп, Алакөл ауданының спортшысы Қайратұлы Олжас жеңімпаз атанды. «Наурыз» мерекесіне орай аудандар мен қалалардың орталықтарында спорттық-бұқаралық шаралар ұйымдастырылып өткізілді.
Ақпан айында Алматы облысының әкімі А.Мұсаханов 2011 жылдың қорытындысы бойынша үздік спортшылар мен жаттықтырушыларды, үздік спорт мекемелерін және тілшілерді марапаттады, Бразилиядағы Сан-Паоло штаты, Риберан Прето қаласының «Оле-Бразил» футбол академиясына оқуға баратын жас футболшыларды, 2011 жылғы футболдан Қазақстан Республикасы Чемпионатының күміс жүлдегері «Жетісу» кәсіпқой футбол клубын қабылдады.
Қазіргі уақытта, 13 спорт түрі бойынша спорт ардагерлерінің ІІІ жазғы Спартакиадасы, «Спорт есірткіге қарсы» ұранымен 1996-2000ж.т. балалар арасында футболдан облыстық чемпионат өтуде. Ұлттық спорт түрлерінің Фестивалін, облыстық Жастар ойындарын стритболдан, шағын футболдан, жеңіл атлетикадан жарыстарды, олимпиадалық жүгірісті, спорт түрлерінен облыстық балалар спартакиадасын ұйымдастырып өткізу жоспарлануда. Футболдан «Жетісу» кәсіпқой футбол клубы Премьер-лига командалары арасында Қазақстан Республикасының Чемпионатына қатысуда. Волейболдан «Жетісу» волейбол клубы және гандболдан «Іле» ұлттық лигадағы әйелдер командалары Қазақстан Республикасы Чемпионатына қатысуда.
Облыста мүгедектердің дене тәрбиесі және спортпен айналысуына жағдай жасау бағытында үнемі жұмыс жүргізіліп отырады. Мүгедектерге арналған спорт жөніндегі облыстық Паралимпиадалық комитет құрылған, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған облыстық спорт клубы жұмыс жасауда. Клубта спорттың 14 түрінен жаттықтырулар жүргізіледі. Жыл сайын мүгедектер арасында аудандық, облыстық жарыстар өткізіліп тұрады. Жалпы облыста 694 мүгедек спортпен айналысады.
Облыста ұлттық салт-дәстүрді сақтауға және одан ары дамытуға ерекше назар аударылады. Мерекелік және айтулы естелік даталарға арналып, ат спортының ұлттық түрлерінен түрлі деңгейдегі жарыстар үнемі өткізіліп тұрады. Биылғы жылы ұлттық спорт түрлерінен 9 мамыр - Жеңіс күніне, Конституция күніне орай дәстүрлі Президент Кубогына арналған жарыстар ұйымдастырып, өткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта Жамбыл ауданында «Спорттың ұлттық түрлері бойынша спорт клубы» жұмыс жасауда.
2012 жылдың негізгі міндеті - Лондон қаласында өтетін ХХХ Олимпиада Ойындарына жолдамалар сарапқа салынатын турнирлер мен чемпионаттарда 9-10 лицензия ұтып алу болып табылады. Қазіргі уақытта жоспарланған жолдамалардың 7 қоржынымызда. Бұл жолдамаларды күрес түрлері мен ауыр атлетикадан өткен Әлем Чемпионаттарында жоғары жетістіктерге қол жеткізген палуандарымыз Нұрмахан Тыналиев, Дәурен Жұмағазиев, Асхат Ділмұхамедов, ауыр атлетшілеріміз Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және жеңіл атлетикадан Айман Қожахметова иеленді.
2011 жылдың қорытындысы
Тұрғындарды жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысуға тарту мақсатында олардың арасында спорттық-бұқаралық шаралар өткізіліп тұрады.
2011 жылы 992 спорттық-бұқаралық шара өткізіліп, оған 531,3 мынңан астам адам қатысты.
Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді орындау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды айтпағанда, Алматы облысының мемлекеттік қызметкерлері, БАҚ, салық, медицина қызметкерлері арасында Спартакиадалар, «Әкем, шешем, мен - спортшылар отбасымыз» жанұялық жарыстар, «Спорт есірткіге қарсы» ұранымен супермарафоншы Б.Тілемісовтың марафондық жүгірістері, стритболдан, шағын футболдан, үстел теннисінен жарыстар, облыстық 3-ші жазғы Спартакиада, мүгедектер арасында жарыстар және көптеген т.б. іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді.
Талдықорған қаласында 7-ші Азия Ойындарының Алау эстафетасы ұйымдастырылып өткізілді. Іріктеліп алынған 60 алаугер Талдықорған қаласының көшелерімен Азиада Алауын алып жүрді. Спорттық-бұқаралық шаралар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің аясында өтті.
Қазақстанда өткен 7-ші қысқы Азия Ойындарында Еліміздің намысын облыс спортшылары Елена Хрусталева мен Диас Кенешев қорғап, 3 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алды. Азия Ойындарының бағдарламасындағы 4 спорт түрінен жарыстар (шаңғы жарысы, шаңғымен бағдарлау, биатлон және фристайл) Алматы облысының аумағында орналасқан «Табаған» спорттық-сауықтыру кешені мен шаңғы-биатлон стадионында өткізілді.
Облыста мүгедектердің дене тәрбиесі және спортпен айналысуына жағдай жасау бағытында үнемі жұмыс жүргізіліп отырады. Мүгедектерге арналған спорт жөніндегі облыстық Паралимпиадалық комитет құрылған. 2011 жылы мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған облыстық спорт клубы ашылды. Клубта спорттың 14 түрінен жаттықтырулар жүргізіледі. 2011 жылы Қазақстан чемпионаттарында және Паралимпиадалық Ойындарда мүгедек-спортшылар 53 алтын, 63 күміс, 45 қола медаль жеңіп алды. 16 спортшы облыс әкімінің стипендиясын алады.
Жыл сайын мүгедектер арасында аудандық, облыстық жарыстар өткізіліп тұрады. 2011 жылы мүгедектер арасындағы спорт бойынша 11-ден астам спорт шаралары өткізілді. Жетекші спортшыларды материалдық ынталандыру мақсатында облыс әкімі өкімінің негізінде жоғары жетістіктері үшін мүгедек-спортшылар ай сайын ақшалай сыйақы алып отырады.
Жалпы облыста 694 мүгедек спортпен айналысады, бұл жалпы 58720 адамның 2 пайызы.
Облыста ұлттық салт-дәстүрді сақтауға және одан ары дамытуға ерекше назар аударылады. Мерекелік және айтулы естелік даталарға арналып, ат спортының ұлттық түрлерінен түрлі деңгейдегі жарыстар үнемі өткізіліп тұрады.
Мәселен, Райымбек ауданында ұлттық спорт түрлерінен Ұлы ақын М.Мақатаевтың 80 жылдығына арналған жарыс өткізілді, Жамбыл ауданында ұлттық спорт түрлерінен дәстүрлі Президент Кубогына арналған жарыстар өткізіліп тұрады, биылғы жылы өткізілген жарыстар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. 2011 жылы Жамбыл ауданында «Спорттың ұлттық түрлері бойынша спорт клубы» ашылды.
Ата-бабаларымыздың қолөнерін және өнерін, соның ішінде жыртқыш құстармен аң аулау өнерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын республикалық «Сонар» жарыстары өткізіліп тұрады. Спорттың осы түрінен Федерация құрылды. 2011 жылғы 8-10 желтоқсан күндері аралығында Алматы облысы, Қарасай ауданында «Саят» ұлттық спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ашық республикалық бүркітшілер жарысы өтті.
Облыста салауатты өмір салтын насихаттау және дене тәрбиесін дамытуға көп көніл бөлінеді. Барлық аудандарда балалар мен жасөспірімдер арасында спорт түрлері бойынша спартакиадалар, турнирлер, біріншіліктер, спорттық-бұқаралық шаралар ұйымдастырылып өткізілуде.
Тұрғындардың дене тәрбиесі дайындығы бойынша Президенттік тесттерді қабылдау және өткізу жұмыстары жүргізіліп отырады. Президенттік тесттерді тапсыруға мектеп, колледж оқушылары, ЖОО-ны студенттері, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлері және мемлекеттік қызметшілер белсенді түрде қатысады. Президенттік тесттерді тапсыруға, барлығы 251654 адам қатысты. Президенттік нормативтер деңгейін 506 адам, ұлттық дайындық деңгейін 1922 адам орындады.
Облыс спортшылары 2011 жылы кешенді жарыстарда, атап айтсақ: шілде айында Атырау қаласында өткен мемелекеттік қызметкерлер арасында І Республикалық Спартакиадада командалық екінші орынды, тамыз айында Көкшетау қаласында көкпар спортынан өткен жастар арасында 7-ші Қазақстан Республикасы Чемпионатында облыс командасы бірінші орынды жеңіп алды.
Қыркүйек айында Шымкент қаласында өткен БАҚ қызметкерлері арасында атақты қазақ журналисті С.Бердіқұловтың жүлдесі үшін Спартакиадада командалық бірінші орынды жеңіп алып, темір тұлпар иеленді.
Қыркүйек айында Өскемен қаласында өткен ІІІ республикалық Ұлттық спорт түрлерінің фестивалінде Алматы облысының командасы І орын жеңіп алып, ауыспалы алтын Кубоктың иегері атанды.
Қазан айында Шымкент қаласында өткен ІІІ республикалық Паралимпиадалық Ойындарында облыс спортшылары командалық 2 орынды жеңіп алды.
Футболдан Премьер - лигадағы кәсіпқой командалары арасында Қазақстан Республикасының Чемпионатында «Жетісу» командасы күміс медаль, ал бірінші лига командалары арасында Қарасай ауданының «Сұңқар» командасы алтын медаль және Іле ауданының «Іле сәулет» командасы қола медаль жеңіп алды. Қарасай ауданының «Сұңқар» командасы 2012 жылы Премьер-лигада өнер көрсетуге жолдама иегері атанды.
Волейболдан «Жетісу» кәсіпқой командасы Ұлттық-лига әйелдер командалары арасында 2011 жылғы Қазақстан Республикасы Чемпионаты және Кубогының жеңімпазы атанды.
Регбиден «Олимп» кәсіпқой клубының әйелдер командасы 7 дүркін Азия Чемпионы, Қазақстан Республикасы Чемпионатының және Қазақстан Республикасы ІІІ жазғы Спартакиадасының жеңімпазы. Көгалдағы хоккейден «Бесарыс» кәсіпқой клубының спортшылары жастар арасында ұлдар мен қыздар командалары және ерлер мен әйелдер командалары арасында 2011 жылғы Қазақстан Республикасының жеңімпазы атанды.
2012 жылдың негізгі міндеті - Лондон қаласында өтетін ХХХ Олимпиада Ойындарына жолдамалар сарапқа салынатын турнирлер мен чемпионаттарда 10-11 лицензия ұтып алу болып табылады. Қазіргі уақытта жоспарланған жолдамалардың 6 қоржынымызда.
Бұл жолдамаларды күрес түрлері мен ауыр атлетикадан өткен Әлем Чемпионаттарында жоғары жетістіктерге қол жеткізген палуандарымыз Нұрмахан Тыналиев, Дәурен Жұмағазиев, Асхат Ділмұхамедов, ауыр атлетшілеріміз Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова иеленді.