«Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, келер ұрпаққа аманаттау – «Мәдени мұра» бағдарламасының басты мақсаты» деген Елбасының ұлағатты сөзін бағдар еткен облыс және аудан басшылары «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблін құлпырту үшін биыл барын салды. Сол үшін бюджеттен бөлінген 40 533,0 мың теңгені ұқсата білген ансамбль ұжымының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ержан Қосбармақовтың еңбегін де бөле атаған орынды. Оған көмектескен белгілі ақын, сатирик Толымбек Әлімбекұлы, музыкалық жетекшілер Марат Жалбыров пен Ізбасхан Мұхитұлы, балетмейстерлер Ғалия және Әлия Мырзахановалар, гриммен әрлеуші Жазира Әбілқайырова, тағы басқа ынталы азаматтар айналасы төрт айда «Құлансаз» фольклорлық ән-би ансамблін саф алтындай қайта жарқыратты. Ансамбльге 48 штаттық орын бөлініп, музыкалық аспаптары, сахналық киімдері, аппаратурасы мен студиясы түгелдей жаңаланды. Репертуарына отыздан астам әндер мен күйлер, билер таңдалды. Әншілер тобында 12, бишілер тобында 14, оркестрде 15 адам уақытпен санаспай күндіз-түні шығармашылық ізденіспен толайым тер төкті. Соның арқасында «Құлансаздың» үні құлақ құрышын қандыратын, жүрекке шуақ құятын дәрежеге жетті.
Аталған ансамбль жуырда өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті.