ZHETYSU-GOV.KZ

ZHETYSU-GOV.KZ

ZHETYSU-GOV.KZ

ZHETYSU-GOV.KZ

ZHETYSU-GOV.KZ

ZHETYSU-GOV.KZ

ZHETYSU-GOV.KZ

ZHETYSU-GOV.KZ

ZHETYSU-GOV.KZ

ZHETYSU-GOV.KZ

ZHETYSU-GOV.KZ

  • Табиғат Сәулет Ескерткіштер
  • Табиғат Сәулет Ескерткіштер
  • Табиғат Сәулет Ескерткіштер
  • Табиғат Сәулет Ескерткіштер
"Жетісу" кәсіби волейбол клубы ҚР Чемпионатының екінші турында волейболдан әйелдер командалары арасында бірінші орын иеленді.     
Жаңалықтар » Әкімдердің есеп беруі

Халық айтса қалт айтпайды

Елмен етене араласып, халық арасында жиі болған жағдайда билік басындағылар тұрғындардың тыныс-тіршілігін, оларды мазалаған мәселелерді жақсырақ түсінетіні белгілі. Осы орайда, Елбасының тапсырмасы бойынша түрлі деңгейдегі әкімдердің ел алдында есеп бере бастағанына да биыл төртінші жыл. Ауылдық округтерден басталған бұл игі шара аудан деңгейінде толықтай аяқталып, күні кеше ғана облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясында облыс әкімі Серік Үмбетов 2009 жылы атқарған жұмыс қорытындысы мен болашақты бағамдайтын жоспары туралы кең көлемде есеп берді. Сессия жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қуатжан Серікқазыұлы Уәлиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәт Тоқпақбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Сүлейменов, Нүсіпжан Нұрманбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Динар Нүкетаева, Үсенгелді Медеуов, Керімжан Бижанов, Уәлихан Қалижандар қатысып отырды.
Сессияны ашып, жүргізіп отырған облыстық мәслихаттың хатшысы Ардақ Сыдық мәртебелі меймандарды жұртшылыққа таныстырғаннан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасау үшін сөз кезегін облыс әкімі Серік Үмбетовке берді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үстіміздегі жылдың 29 қаңтарында «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын жариялағаны баршаңызға мәлім. Сондай-ақ, республикадағы барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есебі аяқталуда, олай болса біздің кездесуіміз осындай жауапты кезеңде өтіп отыр, – деді ол сөзінің басында. – Президентіміздің биылғы Жолдауы – 2020 жылға дейінгі онжылдықтағы атқарылатын нақты міндеттер көрсетіліп, қоғам өмірінің барлық саласы қамтылған құжат болып табылады. Сондықтан да бүгінгі есеп беру жиналысында өткен жылы атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттерге баса назар аударылады.
Облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларының есебі 30 қаңтарда облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінде жарияланған болатын. Сондықтан, негізгі мәселелерге ғана тоқталып өтейін.
Былтырғы жылғы мамыр айынан бері өнеркәсіп өнімдерінің тұрақты өсуі байқалады. 2009 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 289,8 млрд. теңгені, нақты көлем индексі 96 пайызды құрады (2008 жылы – 98,3 пайыз).
Биылғы жылы 293,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі деп жоспарлануда.
Салада 60 жаңа өнеркәсіп нысаны пайдалануға беріліп, жұмыс істеп тұрған 16 кәсіпорын кеңейтілді, соның есебінен 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Аграрлық сектор үшін өткен жыл жемісті жыл болды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 219,8 млрд. теңгені құрады немесе 2008 жылмен салыстырғанда 13,9 пайызға көп. Ал үстіміздегі жылы 230 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде.
Дәнді дақылдардан 1 млн. 255 мың тонна өнім жиналды, ол 2008 жылғы деңгеймен салыстырғанда 563 мың тоннаға артық, орташа өнімділік – 27,0 центнерге жетті.
Көкөніс, картоп, жеміс-жидек, майлы және бақша дақылдарын өсіру, сондай-ақ мал өнімдерінің түрлерін өндіру артты. Мал басы мен құстардың саны көбейді. Бұл жағдай облыс тұрғындарын өзімізде өндірілген негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Облыс экономикасында шағын және орта бизнестің едәуір орны бар, бұл кәсіп түрімен 235 мың адам айналысуда. Мұның өзі жылдың соңында жұмыспен қамтылған халықтың 29 пайызын құрады. Олар өндірген өнімнің көлемі және көрсеткен қызмет түрі 180,9 млрд. теңгені құрап, олардан бюджетке 12,4 млрд. теңге салық және басқа да төлемдер түсті немесе 2008 жылмен салыстырғанда 110,7 пайыз болды.
Шағын және орта бизнес жобаларына несие беру үшін «Даму» қорынан 1,5 млрд. теңге, облыстық бюджеттен – 550,0 млн. теңге бөлінді. 2010 жылы осы салада 185 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетіледі деп болжануда.
Сауда желілері кеңейе түсуде, жыл қорытындысы бойынша сауда, қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету нысандарының саны 4,1 пайызға артып, 12,8 мың бірлікті құрады. Бөлшек сауда көлемі 94,6 млрд. теңгеге жетіп, нақты бағамен 14,1 пайызға артты.
Тауарлар мен қызмет түрлері бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шаралары қабылданды. Нәтижесінде 2009 жылы инфляция 5,5 пайызды құрады (республикада – 6,2 пайыз).
2009 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 310 млрд. теңгені құрады немесе 2008 жылдың деңгейіне қарағанда 125,3 пайыз болды. Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 561,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді немесе 2008 жылдың деңгейіне қарағанда – 106,5 пайыз. 2010 жылы 610 мың шаршы метр көлемінде тұрғын үй салынбақ. Үлескерлер құрылысы туралы айтар болсақ, облыс аумағында 20 нысанның (3971 үлескер) 13 тұрғын үй кешенінде 1827 үлескердің мәселесі оң шешімін тапты. Енді 2010-2011 жылдары қалған 7 кешендегі 2144 үлескер баспанаға ие болады. Бұл мәселе Үкімет пен әкімдіктің бақылауына алынған.
Дағдарыс салдарларын еңсерудің тиімді шараларының бірі – Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Жол картасы». Осы бағдарламаның инвестициялық бағыттары бойынша облыста 12,7 миллиард теңге игеріліп, 303 жоба іске асырылды. 20 мыңдай жұмыс орны ашылды.
Елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, мектеп, аурухана, әлеуметтік-мәдени сала нысандарын, жолдарды жөндеу бойынша кешенді жұмыстар атқарылды.
«Ауыз су» аймақтық бағдарламасы бойынша көптеген шаралар іске асырылды. Тек 2009 жылы сумен жабдықтау жүйесінде 52 нысанның (14-і “Жол картасы” бойынша) құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстарына 3,4 млрд. теңге жұмсалды. (Жалпы ауыз су бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан жылдар ішінде 548 мың тұрғынды қамтитын 267 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді).
Ал биыл тағы 62 нысанда жұмыс жүргізіледі, оған 3,8 млрд. теңге қарастырылды. Оның тең жартысына жуығы осы жылда пайдалануға беріледі.
Автокөлік жолдарын күтіп ұстауға және оған жөндеу жүргізуге 10,0 млрд. теңге бөлініп, 478 км. жалпы пайдалану жолдары жөнделді.
729 елді мекен тұрақты автобус қатынасымен қамтылған, 32 тасымалдаушы жолаушыларға қызмет көрсетеді.
Өзге өңірлерге энергетикалық тәуелділікті азайту мақсатында су және жел энергетикасы бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өткен жылы Ескелді ауданында қуаты 4,4 мегаватт Қаратал ГЭС-і іске қосылды.
Биылғы жылы жалпы қуаты 13,4 мегаватт 3 шағын ГЭС салынады. 2012 жылы пайдалануға берілетін 300 мегаваттық Мойнақ ГЭС-інің құрылысы жүріп жатыр. Ал 2014-2016 жылдары Балқаш жылу электр станциясының бірінші кезеңі іске қосылады. 2016 жылға дейін жалпы қуаты 376 мегаватт (326 мегаватт СЭС және 50 мегаватт ЖЭС) 31 (28 су және 3 жел станциясы) шағын су және жел электр станцияларын салу көзделіп отыр. Бұл энергетикалық тапшылық мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Салық және басқа да бюджетке түсетін міндетті төлемдерді жинау болжамы 112,7% орындалып, 118 млрд. теңгені құрады. Бюджеттік түсімдердің ойдағыдай орындалуы өңірдегі көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге, соның ішінде өткен жылы Текелі қаласында болған зілзала зардаптарын дер кезінде өз күшімізбен жоюға мүмкіндік берді.
Әлеуметтік салада халықты жұмыспен қамту шаралары аясында 2009 жылы 39,2 мың жұмыс орны ашылды, 2008 жылы құрылған жұмыс орны 18,6 мың болатын. Жалпы алғанда әлеуметтік көмек үшін жергілікті бюджеттен 4,9 млрд. теңге бөлінді (2008 жыл – 3,4 млрд. теңге). Әке-шешесі жоқ және тұрмысы төмен отбасынан шыққан 273 студент облыс әкімінің гранты бойынша жоғары оқу орындарында білім алуда.
Соңғы жылдары ауылдық жерлерде тұратын мұғалімдерді, дәрігерлерді, мәдениет және әлеуметтік қамтамасыз ету қызметкерлерінің коммуналдық шығындарына республикада алғашқылардың бірі болып өтемақы төлеп келеміз. Бұған өткен жылы 236 млн. теңге қаражат бөлінді. Облыс орталығында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, студенттер, мектеп оқушылары қоғамдық көлікте тегін жүреді. Осыған қажетті 118 млн. теңге қаражат бюджеттен беріліп отыр.
Облыс бойынша тіркелген жұмыссыздар саны экономикалық белсенді тұрғындар санының 0,3 пайызын құрады (республикада – 0,6).
Есепті кезеңде денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 17 пайызға артып, 29,4 млрд. теңгені құрады, 1 тұрғынға жұмсалатын қаражат 1,3 есе өсті. Алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем жақсара түсті. 2009 жылы жұмыс істеп тұрған ауруханаларда 3 бөлімше, 2 емхана ашылып, ауылдық жерлерде 24 медициналық пункт дәрігерлік амбулатория ретінде қайта құрылды. Ал биыл жалпы құны 13,9 миллиард теңге болатын 4 денсаулық мекемесінің құрылысы аяқталады. Жалпы алғанда, қабылданған шаралардың арқасында облыстың денсаулық сақтау саласы республика бойынша алдыңғы қатарда тұр. Ана өлімі, сәбилердің шетінеуі, әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдығу азайды. Қайтыс болған адамдардың санынан дүниеге келген балалардың саны арта түсті. Нәтижесінде облысымызда оң демографиялық ахуал қалыптасып отыр.
Білім беру жүйесінің 2009 жылға арналған бюджеті 47,5 млрд. теңгені құрады. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамту деңгейі 21,5 пайызды құрады, алдыңғы жылы 18,1 пайыз болған. Өткен жылы 12 балабақша, 83 шағын орталық ашылып, 1260 орынды 4 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 136 білім мекемесінде күрделі жөндеу жүргізіліп, оған 4,3 миллиард теңге жұмсалды (оның 53-і «Жол картасы» бойынша, құны – 2,1 миллиард теңге). Ұлттық бірыңғай тестілеудің облыстық орташа балы 2008 жылы – 65,5 болса, биылғы жылы – 76,5 балды құрады.
2009 жылы мәдениет мекемелерінің бюджеті 2008 жылмен салыстырғанда 9,2 пайызға артты. Салада 15 Мәдениет үйі мен клубтар, 13 кітапхана ашылды. Қабанбай батырға және белгілі журналист – жазушы Балғабек Қыдырбекұлына ескерткіш қойылды.
Соңғы жылдары облыс орталығында аудандардың мәдениет күндерін өткізу дәстүрге айналды. Сондай-ақ, өңірде қымызханалар кеңінен өрістеп келеді. Мұның бәрі мәдени жағынан да, салауатты өмір салты тұрғысынан да көпшілік қолдаған абзал іс болып отыр.
2008 жылмен салыстырғанда облыстың спорт мекемелерінің бюджеті 17 пайызға көбейіп, 2,7 млрд. теңгені құрады. Облыс спортшылары 2009 жылы халықаралық және республикалық жарыстарда 644 медальді иемденді, оның ішінде – 243 алтын медаль бар. Біздің 515 спортшымыз спорттың әр түрінен республиканың ұлттық құрама командасының сапына кірді. Өткен жылы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында төрт бірдей зілтеміршілеріміз (штангистеріміз) алтыннан алқа тақты: Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Владимир Седов Жетісу жерінің ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройын асырды!
Өңірімізде 53 спортшыға 30 мыңнан 100 мың теңге аралығында облыс әкімінің стипендиясы тағайындалған. Биыл бұл соманың шегі 150 мың теңгеге дейін көтеріледі. Үстіміздегі жылы Талдықорған қаласындағы 1500 орындық бірегей Спорт сарайының құрылысы аяқталады. Осы игі істердің бәрі де өскелең ұрпақ үшін жасалып отыр.
Жастар саясаты атқарушы органдар жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл салаға бөлінетін қаржы да жылдан-жылға арта түсуде. Облыстағы әрбір ауылда, ауданда, қалада өткізіліп келе жатқан «Менің Отаным – Қазақстан!» жастар форумы оларды отаншылдыққа, ізгілікке баулиды. Мұндай шараларды жалғастырып, жетілдіре түсу керек.
Қоғамдық тәртіпті күшейтпей алға қойылған мақсаттар ойдағыдай шешілмейді. Сондықтан, облыста ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, полиция қызметкерлерінің жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасау бағытында көп іс атқарылып келеді. Бүгінгі таңда облыстың полиция қызметкерлері толықтай көлік құралдарымен, компьютерлік техникамен, радиобайланыспен қамтамасыз етілген. Өткен жылы облыс орталығында Жедел басқару орталығы пайдалануға берілді. Атқарылған шаралар олардың қызметінің сапалық көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік берді, тіркелген заң бұзушылық әрекеттер саны азайды, сондай-ақ қылмыстарды ашу процесі жақсарды.
Бүгінгі таңда облыстың барлық аудандары мен қалаларында «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылған. Біз республикада алғашқылардың бірі болып 13 елді мекенде олардың өкілдіктерін аштық. Нәтижесінде азаматтардың өздеріне қажетті анықтама, ақпарат алуы, тиісті құжаттары мен мүліктерін тіркеп, ресімдеуі едәуір жеңілдеп отыр.
Сондықтан да, кейінгі екі жылда 10 ауданда (Балқаш, Еңбекшіқазақ, Іле, Қаратал, Кербұлақ, Панфилов, Райымбек, Сарқан, Қапшағай, Талғар) халыққа қызмет көрсету орталықтарының жаңа үлгідегі ғимараттарын салуға 1 млрд. 447 млн. теңге қаражат бөлінді. Биыл Қарасай ауданында осындай ғимараттың құрылысы жүргізіледі. Жалпы алғанда, республика өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша облысымыз алдыңғы шепте келеді. Мәселен, тіркелген жұмыссыздардың аздығы жағынан – бірінші орын, тұрғын үйлерді іске қосудан – екінші, тұтыну бағаларының индексі және бюджеттік салықтар мен түсімдер тұрғысынан – үшінші, негізгі капиталға инвестиция тартудан – төртінші орында.
Осыдан кейін баяндамашы өлкеміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен этносаралық қатынастың қалыпты жайы туралы айта келіп, бұған Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып отырған үлесіне тоқталып өтті. Бұл жерде түрлі діни бірлестіктер арасындағы түсіністікке де қол жеткізілінді.
Облыс әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті өз деңгейінде жүргізіп келеді. Осылайша 2009 жылы 45 саяси және 95 әкімшілік қызметкерге әкімшілік жаза қолданды. Соттың шешімі бойынша 7 мемлекеттік қызметкер, 4 саяси және 3 әкімшілік қызметкер жұмыстан босатылды.
2009 жылы әкімдер есебі кезеңінде 2288 арыздар мен ұсыныстар келіп түссе, олардың 2173-і орындалған. Қалғаны қаржы жағдайына байланысты кейінгі уақытқа шегеріліп отыр. Осы мәселелер бойынша атқарылған шаралар облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты жазылуда.
Халықтан түсіп жатқан арыз-шағымдардың көбісі Талдықорған қаласынан, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар және Іле аудандарынан десек, олардың басым бөлігі тұрғын үй, несие, жер мәселесі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарына қатысты. Облыста мемлекеттік тілін іс-қағаздарын жүргізуге енгізу барысында іргелі істер атқарылып жатыр. Бұған Талдықорған қаласында пайдалануға берілетін Тілдер сарайы өз үлесін қосады деп сенеміз.
Серік Әбікенұлы өз баяндамасында облыста орын алған кейбір кемшіліктер мен олқылықтарға және үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті.
Өнеркәсіпте – жекелеген кәсіпорындар негізінен өнімдерін өткізе алмауына байланысты тоқтаңқырап қалды. Тек осы себептерге байланысты 4 кәсіпорын тоқтап, 10 кәсіпорын уақытша толық емес жұмыс режиміне көшкен. Талғар, Жамбыл, Іле аудандары мен Текелі, Талдықорған, Қапшағай қалаларында өнеркәсіп өндірісінің төмендеуіне жол берілген.
Облыстың электр энергиясын өндіретін өз қуаттары аз. Біз сыртқы электр көздеріне тәуелдіміз. 2010 жылдың қаңтарынан олар тарифтерін 21 пайыздан 30 пайызға дейін көтерді (Жамбыл ГРЭС-і бір киловатт-сағатты 5,35-тен 6,5 теңгеге, Солтүстік – 3,6-дан 4,68 теңгеге арттырды). Осыған байланысты, облыста электр энергиясының төлемақысы аймақтар арасында ең жоғары болып тұр және бұл біздің ырқымызға көнбейді. Осы мәселе республика Парламенті депутаттарының назарында болады деп ойлаймын.
Құрылыс саласында жүргізілген тексерулер кейбір мердігерлік ұйымдар тарапынан тиісті талаптар мен ережелерді бұзу фактілері бар екенін көрсетті. Мұндай жағдайларды түбегейлі түрде түзеп, құрылыс сапасына қойылатын талаптарды арттыра түсу қажет.
Осыған байланысты, облыс әкімінің орынбасарлары А. Баталовтың, Б. Тәкеновтің, аудан және қала әкімдерінің басты міндеттері өнеркәсіп және құрылыс өнімдерін өндіру көлемін арттыру, электр энергиясы проблемаларын шешу, жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу болып табылады. Қызмет көрсету мен тауарлар сатып алуда қазақстандық үлесті ұлғайта түсу керек. Құрылыстың ішкі қажеттілігінің едәуір бөлігін жергілікті материалдармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
Ауыл шаруашылығында қол жеткізілген оң нәтижелерге қарамастан, Талғар, Жамбыл және Кербұлақ аудандарында ет өндіру, Райымбек, Кербұлақ, Ақсу және Балқаш аудандарында жұмыртқа өндіру деңгейінің төмендеуіне жол берілген. Облыстың қант қызылшасын егетін аудандары қызылша өсіруден, Балқаш ауданы күріш өндіруден белгілеген межеге шыға алмады.
Жылыжай құрылысы бойынша Ақсу, Алакөл, Балқаш, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Райымбек, Ұйғыр аудандарында тапсырма толық орындала қойған жоқ. Облыс әкімінің орынбасары Т. Досымбеков, барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы үстіміздегі жылы Елбасының Жолдауында көрсетілген бағыттар бойынша нақты, нәтижелі жұмыс жүргізулері қажет.
Ең әуелі аграрлық-индустриялық әртараптандыру арқылы еңбек өнімділігін арттыру керек, ол 2014 жылы кем дегенде екі есе өседі деп күтілуде, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді күшейту, жаңа жабдықтар мен технологияларды пайдалану қажет.
Одан кейінгі мәселе – ішкі рынокты неғұрлым өзімізде өндірілген өнімдермен толықтыру және қолда бар әлеуетті пайдалана отырып, өңделген өнімдердің экспорттық көлемін ұлғайту. Қазіргі кезде Үкімет кәсіпкерлікті дамыту жөнінде «Бизнестік “Жол картасы – 2020” бағдарламасын әзірлеп жатыр, осыған сәйкес 2011 жылға қарай бизнесті тіркеуге және жүргізуге байланысты операциялық шығындар 30 пайызға, 2015 жылға дейін тағы 30 пайызға қысқаратын болады. Бұл шаралардың барлығы облыста өрістеп келе жатқан шағын және орта бизнеске жақсы қолдау болмақ.
Биылғы Жолдауда еліміздің басты байлығы – әр адамға қамқорлық жасауға айрықша назар аударылған, білім, денсаулық сақтау, тұрмыс және әлеуметтік қорғау сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойылған. Бұл тұрғыдан алғанда пысықтай түсуді қажет ететін тұстарымыз баршылық.
Мәселен, Еңбекшіқазақ, Іле, Қаратал, Қарасай, Панфилов аудандарында және Талдықорған қалаларында 52 оқушы мектепке бармайды. Жасөспірімдер істері жөніндегі бөлімде есепке алынған жеткіншектер саны төмендемей отыр: 1615 бала есепте тұр. Кәмелетке толмағандар 221 қылмыс жасаған. Оның көбі Сарқан, Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларының үлесінде.
Бірқатар аудандарда дәрігерлермен қамтамасыз ету проблемасы толық шешілген жоқ, әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдығу деңгейі орташа облыстық көрсеткіштен жоғарылау. Мәселен, туберкулезбен ауырып қайтыс болғандар саны Алакөл ауданында жоғары, ол орташа облыстық көрсеткіштен 2 есе көп.
Облыс әкімінің орынбасары С. Мұқанов, облыстық білім (Л. Базарқұлова), денсаулық сақтау (М. Мейірбеков) басқармаларының басшылары қалыптасқан жағдайды түзеу үшін барынша шаралар қолданулары қажет. Балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтуға бағытталған арнайы «Балапан» бағдарламасын орындау, 12 жылдық оқу моделіне көшу, аурудың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау үшін едәуір жұмыстар атқарылуға тиіс.
Сондай-ақ, аудан және қала әкімдерінен, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан (Н. Бөлекбаева) халықтың қорғалатын топтарына әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстарын неғұрлым тиянақты, нысаналы жүргізу талап етіледі.
Бұл мәселедегі басым бағыт – халықты жұмыспен қамту, сол арқылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындар санын азайту болып табылады.
Елбасының Жолдауында атап көрсетілгендей, 2020 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі – 5 пайыздан жоғары болмайтын, табысы күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындар үлесі 8 пайыздан аспайтын меже – біз үшін ұстанатын бағыт-бағдар және облыста орташа республикалық көрсеткіштен жоғары болмаса, кем болмайтын нәтижеге ұмтылуымыз керек.
Үстіміздегі жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын атап өтеміз. Елбасы айтқандай, әрбір соғыс ардагеріне және мүгедегіне 65 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетілетін болады. Оларға теңестірілген адамдар, тыл еңбеккерлері де материалдық көмексіз қалмайды.
Сонымен қатар, соғыс ардагерлерін қолдау үшін облыстық бюджеттен де қаражат бөлініп отыр. Жауынгерлік ерлігімен Жеңіске жеткізіп, бізге бейбіт өмір алып келген ерлердің бірде-біреуін назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Құқық қорғау органдарынан үстіміздегі жылы криминогенді жағдайды жақсарту, қылмыстың алдын алу жұмыстарын одан сайын күшейте түсу талап етіледі.
Елбасы атап көрсеткендей, сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижелілігі сандық көрсеткіштер ғана емес, бірінші кезекте жұмыстың сапасы, азаматтардың сіздерге деген сенімінің артуы болуға тиіс.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген Стратегиялық басымдылықтар «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының бастауыш ұйымдары үшін жаңа серпіліс бастауы болуы керек.
Президент алдағы он жылға қойылған мақсаттар мен міндеттерді түсіндіріп, олардың орындалуын бақылау ісінде еліміздің жетекші саяси партиясының рөлі ерекше екендігін атап көрсетті.
Партия – әр аймақтағы істің мән-жайы туралы ақиқат ақпарат таратуға, атқарушы органдар дер кезінде, алдын ала шара қолдана алатындай осал жерлерін анықтап отыруға тиіс. Сонымен бірге, басқа да партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің сындарлы ұсыныстарын назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Жолдауы тұтастай онжылдық кезеңді қамтып, өзінің әлеуметтік бағыттағы ауқымдылығымен ерекшеленеді.
Халықтың қалың тобы – бюджеттік қызметшілер, зейнеткерлер, студенттер, мүгедектер, аз қамтамасыз етілген отбасылары – мемлекет тарапынан сенімді қорғалатын болады.
Елбасы таяу болашақта табысы тартымды Қазақстанды гүлденген елге айналдырайық деп атап көрсеткендей, бар күш-жігерімізді межелер биігінен көрінуге жұмылдыратын боламыз. Ел игілігі жолындағы ерен еңбек пен берекелі бірлігіміз баршамызды асқаралы асуларға бастайды.
Сіздерге толайым табыс, зор денсаулық және отбасыларыңызға амандық пен игілік тілеймін!
Баяндама аяқталғаннан кейін жарыссөзге шыққан Еңбекшіқазақ ауданының «Адал» АҚ-ның атқарушы директоры Сейсехан Смағұлов, облыстық мәслихаттың депутаты, «Хильниченко и К» командиттік серіктестігінің төрағасы Виктор Петрович Хильниченко, «Қазақстан – Корей» достық қоғамы облыстық ұйымының төрайымы Клара Александровна Хан, Ақсу ауданы ардагерлер үйінің төрағасы Нұрбек Қасымбеков, облыстық мәслихаттың депутаты, Панфилов ауданындағы Б. Назым атындағы орта мектептің директоры Сәниям Зульярова, Текелі қаласындағы № 1 орта мектебінің директоры Эльмира Иманбердиева, облыстық «Жетісу» телеарнасының қызметкері Айзада Жақсыбекова, Іле ауданына қарасты Қараой ауылдық округінің әкімі Виктор Николаевич Поротиковтар өткен жылы өз аудандарында атқарылған ауқымды істер жайлы жан-жақты баяндап, облыс әкімінің есептік кезеңдегі жұмысына жақсы деген баға берді. Шынында да жер жаннаты Жетісудың қай өлкесін алып қарасақ та жағымды жаңалықтар жиі ұшырасады. «Жол картасы» бойынша қолға алынған істер дағдарыс кезеңінде өлкемізде бұрын-соңды болмаған жұмыстардың жасалынғанын аңғартқандай. Бұған автокөлік жолдарының жөнделуі, емдеу орындары мен мектептердің жаңадан салынып, барларының сәулеттене түсуі, елді мекендердің абаттандырылуы, жұмыссыз қалған адамдардың «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ашылған орындарға орналасып, қиын кезеңде қысылмай шығуы дәлел бола алады. Сол сияқты, жекелеген азаматтар да өз тарапынан қайырымдылық шараларын жасауға бейіл танытып келеді. Облысымызда Достық үйінің, Тілдер сарайының ашылуы, былтырғы зілзала кезінде зардап шеккен Текелі қаласына аз уақытта облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлініп, көмек көрсетілуі, өлкеміздегі ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің одан әрі өркен жаюы шығып сөйлеушілердің сөздеріне өзек болды. Олардың барлығы Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, өлке басшысы Серік Үмбетовке халықтың ыстық ықыласын жеткізді. «Халық айтса қалт айтпайды» дегендей, бұл Серік Әбікенұлына көпшіліктің берген бағасы осы деп ұқтық.
Осыдан кейін мінберге көтерілген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Сәт Бейсенбайұлы Тоқпақбаев Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы өзекті мәселелер турасында өз пікірін білдірді. Әлемді жайлаған дағдарысқа қарамастан биылғы Жолдауда еліміздің алдағы 10 жылға арналған даму стратегиясы көрініс тапқан. Оның орындалатынына күмән келтіруге еш негіз жоқ. Жолдауда көрсетілген көптеген ірі жобалардың негізі қазірдің өзінде қаланып үлгерген. Еліміздің индустриялдық-инновациялық дамуын жүзеге асыруға мүмкіндіктер жетерлік. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін ілкімді жобалар қолға алынған. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мейрамында ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсетіп, оларды марапаттау мәселесі де Жолдауда оң шешімін тауып отыр. Ендеше, қолда бар мүмкіндіктер мен ерік-жігерімізді жұмылдыра отырып, осы Жолдауды жүзеге асыруға кірісейік деді ол өз сөзінде. Сессия отырысының соңына қарай Серік Әбікенұлы залдан келіп түскен жазбаша сұрақтарға жауап берді. Тұрғындардан Кербұлақ ауданына қарасты Қоғалы ауылына баратын жолдың жөнделуі, Сарқан ауданындағы Қойлық елді мекені мен Панфилов ауданындағы Көктал ауылына балабақша салу мәселесі, Жамбыл ауданының ауылдарына газ құбырын жүргізу, Талдықорған қаласындағы көп қабатты үйлердің төбесін шатырлау төңірегінде сауалдар келіп түскен. Облыс басшысы өз сөзінде бұл мәселелердің барлығы да таяу уақыттары шешімін табатынына уәде берді.
Осы тұста залда орнатылған микрафонға тақаған Талдықорған гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенті Дәулет Тобажанов әке-шешелерінің ерте дүниеден қайтуына байланысты жетім қалып, інісі мен қарындасы үшеуі «Айналайын» балалар үйінде тәрбиеленгенін, бүгіндері кәмелеттік жасқа толғанымен әрқайсысы жатақханаларды сағалауға мәжбүр болып жүргенін жеткізді. Ол облыс басшысынан жағдайға түсіністікпен қарап, өздеріне пәтер беруді сұраған. Серік Әбікенұлы қала әкімі Сәкен Жылқайдаровқа жағдайды жан-жақты зерттеп, ұсыныс беруді тапсырды.
Қуат Қайранбаев.
  • Мерзімі: 10.02.2010
  • Оқылған: 296
Распечатать
Нет комментариев. Почему бы Вам не оставить свой?
Вы не можете отправить комментарий анонимно, пожалуйста войдите или зарегистрируйтесь.

Басты жаңалық!

http://img.zhetysu-gov.kz/upload_image/thumb/bff0cc79479a171b39e80eb8f7688280.JPG
«Индустрияландыру» күніне орай Елбасының қатысуымен өткен тікелей телекөпір барысында Алматы облысында «Байсерке Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет өңдеу кешені іске қосылды.
Толығырақ


Навигация

  • Алматы облысының құрметті азаматы
  • Тендерлер
  • Халыққа қызмет көрсету орталығы
  • Қызмет көрсету және ойын-сауық орталықтарының телефондары
  • Қазақстанның үздік тауары

Облыс туралы анықтама

Алматы облысы Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында орналасқан. Жерінің аумағы 223,9 мың шаршы км. құрайды.

Толығырақ...
Created by Alex Unknown aka c0wb0y