Тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) жинау және кәдеге жарату кезінде санитарлық және экологиялық талаптар қаншалықты сақталуда және ол үшін қандай іс-шаралар атқарып жатырмыз? Алматы облысында өткен жиында осындай сауалдардың төңірегінде мәселелер көтерілді.
Облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбековтың айтуынша, жыл сайын әкімдіктің ұсынысымен облыс бюджетінен қаржаландырылатын табиғатты қорғау шараларының жоспары бекітіліп, оның ішінде ТҚҚ тасталатын полигондарды жөндеу мен қайта салуға, жаңа полигондар құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға да қаражат бөлінеді. Бүгінге дейін облыс аумағында ТҚҚ сақтайтын 7 полигон болса, қазір оған қосымша Талдықорған, Үштөбе қалалары мен Балпық би кентінде тағы 3 полигонның құрылысы жүріп жатыр.
Өңірде 17 мемлекеттік және 20 жеке кәсіпорын жылына 850 мың тонна коммуналдық қалдық жинайды. Бірақ олар облыстағы 772 елді мекеннің әзірге 254-ін ғана қамтып отыр.
Полигон орындары құжатқа келгенде құнтсыздық көрсетіп отырғаны тағы бар. Мәселен, 513 күресіннің тек 91-інде жер телімі полигонға берілгені туралы әкімдік қаулысы бар көрінеді.
Алдағы уақытта облыстағы СЭС, жер қатынастары, коммуналдық шаруашылық, табиғатты пайдалануды реттеу, экология мамандары қалдық жинау мен шығарудың түйткілді мәселелерін бірлесіп шешпек.
С. Сабыржанқызы



















