Алматы қаласының маңынан азық-түлік белдеуін құруда облысқа жүктелген міндет аса салмақты әрі жауапты. Мұнда оңтүстік астана айналасындағы аудандарда көкөніс өсіретін жылыжайлар мен жеміс-жидек, көкөніс сақтайтын қоймалар салудың маңызы аса зор. Соған сай соңғы жылдары аталған өңірлерде аса ірі жылыжай шаруашылықтары құрылуда. Солардың бірі – Қарасай ауданындағы Елтай ауылдық аумағында орналасқан «Аврора – Агро» шаруа қожалығының жылыжайы. Айнұр Маханова басқаратын шаруашылық осы жерде жеті гектар жерде жылыжайлар салып, пайдалануда. Бұрынғыларының жанынан жаңаларының құрылысын жүргізуде. Жылыжайларда негізінен қызанақ пен қияр өсіріледі. Сонымен бірге, голландиялық роза да өз тұтынушыларын тауып отыр.
Шаруа қожалығы алып жатқан алқаптың оң жағына әрқайсысының көлемі 30х10 метрлік қырық жылыжай орналасса, сол жақ қапталында бірнеше бөліктен тұратын аса ауқымды жылыжайдың құрылысы жүргізілуде. Жұмыс істеп тұрған жылыжайларда бағасы қымбаттығына қарамастан өзіне салынған қаражатты ақтап тұрған түркиялық технология мен жарғақ пайдаланылса, жаңадан салынып жатқандардағы жұмыс ресейлік технология бойынша жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, бірнеше жылғы тәжірибе барысында өзіндік технология да ойлап шығарылып, қолданылуда. Мұнда басты назар мен күш экологиялық жағынан таза әрі сапалы көкөністер өсіруге аударылады. Соған сай химиялық тыңайтқыштар мейлінше аз пайдаланылады. Жер қыртысының құнарлы қабатының құрамы тиісті дәрежедегі құм, көң, арпа сабанынан құралады. Бұрыннан жұмыс істеп тұрған жылыжайлардың биіктігі үш метр болса, жаңадан тұрғызылып жатқандардың биіктігі бес метр болмақ. Бұл өскен кезіндегі өрмегінің биіктігі үш метрден асып кететін өсімдіктер үшін аса қолайлы болмақ. Сонымен бірге, жаңа жылыжайларда бос жер қалмайды, мүмкін болған алаңның барлығы кәдеге асырылады. Жылыжайлардың барлығында тамшылата суару әдісі пайдаланылады.
Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарына үш бригада тартылған. Ал шаруашылықтың өзінде 10 адам тұрақты түрде еңбекпен қамтылған. Науқан кезінде жұмысшылар саны бірнеше есеге артып кетеді. Тамыз айында жаңа жылыжайларға қызанақ, қыркүйекте қияр отырғызу жоспарланған. Амандық болып, ойға алғандар орындалса, қарашада алғашқы өнім тұтынушыларға жөнелтіледі. Орташа алғанда қызанақты отырғызғаннан алғашқы өнім алғанға дейін 120 күн керек болса, қияр 60 күнде піседі екен. Қыста суық шалмауы үшін жылыжайларда тұрақты температура сақталып, жарықтандырылған. Бүгінгі күні шаруашылықта қызанақ жинау жүріп жатыр. Бір маусымда бір түп қызанақтан жеті келіден өнім алуға болады.
Өнімдер «Алтын орда» базарына және бірқатар көтерме сауда базарларына келісімді бағаға өткізіледі. Сондай-ақ, шаруашылықтағы арнайы жабдықталған жүк көліктерімен еліміздің басқа да өңірлеріне жөнелтіледі. Дегенмен, шаруа қожалығындағылар өздерінің тірлігі одан ары өрге басып, Алматы қаласын көкөністермен қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосулары үшін мемлекет тарапынан қолдаулар жасалса, артықтық етпес еді, дейді. Сонда ғана алыс-жақын шет елдерден сапасы мен тазалығы күмән туғызатын көкөністерді арбалап тасымай, іргеде өсіріп, дорбалап-ақ тұтынушыларды қанағаттандыруға қол жеткізе алмақпыз.
Б. ҚАБДЕШҰЛЫ.



















