«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалы мен Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалының ұйымдастыруымен облыс әкімінің көркемсурет галереясында «Сенің «Жемқорлық жоқ!» дегенің маңызды» атты республикалық плакаттар байқауының іріктеу туры өтті. Онда өңіріміздегі қылқалам шеберлері мен мектеп оқушыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында салған плакаттары көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ, бұл еңбектерді арнайы құрылған комиссия құрамы саралап, жеңімпаздарды анықтады.
– Республикалық плакаттар байқауы 1 мамыр мен 1 қараша аралығында өтеді деп белгіленгенін бәріміз де білеміз. Дәстүрлі байқауға бәйге жарияланған күннен бастап облысымыздағы қылқалам шеберлері өз ойларын ақ қағазға айшықтап, жемқорлыққа қарсы күреске шығармашылық шеберлігімен атсалысты. Нәтижесінде 50-ден астам плакат жазылды. Оның бәрі де терең тағылым, тәрбиелік мәнге ие деуге болады. Өйткені, сыбайлас жемқорлық – біз құратын демократиялы қоғамның індеті. Тірлік бүгінмен аяқталмайды. Отан ертеңгі ұрпаққа да керек. Сондықтан ел болып жұмылып, осы бір дерттен арылудың жолын іздеудеміз. Осы ретте, аймағымыздағы суретшілер де өздерінің қылқаламы арқылы маңызды іске белсене араласуда. Оның жемісі – алдарыңыздағы плакаттар жиынтығы. Сондай-ақ, аталған шараның сәтті өтуіне демеу көрсеткен облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) мен Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалына шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалының төрағасы А. Сейітов құттықтау сөзінде.
Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның бас суретшісі Абай Бейсембетов ойымен бөлісіп, байқауға белсене қатысқан жас қылқалам шеберлеріне ағалық ақылын айтты.
Бүгіндері Суретшілер одағының облыстық филиалында 18 кәсіптік суретші және әуесқой суретшілер өз шеберлігін шыңдауда. Аталмыш байқауға олардың бәрі қатысты. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының да туындылары қойылды. Әрине, жас өрендердің балаң ойларын асыра мақтауға келмесе де, ел келешегіне деген толғанысына көрермендер тәнті болды. Өйткені, олар болашақтың және де болашақта салынатын көркем плакаттардың авторлары.
Жалпы, мамыр айынан бері байқауға өңірімізден 57 автордың туындысы келіп түскен. Міне, әділқазылардың шешімімен нағыз жеңімпаз туынды мен оның авторын анықтайтын да кез жетті. Бірінші орынды Абай Бейсембетовтың туындысы иеленсе, екінші жүлде Ерғали Әбдірасыловқа бұйырды. Ал үшінші орынға Бэлла Садаева лайықты деп танылды. Олар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Басқа қатысушыларға да лайықты сый-құрмет көрсетілді.
Соңында шараны қорытындылаған Айтбай Сейітов аталған үш жеңімпаздың туындысы Астана қаласында өтетін республикалық байқауда облысымыздың намысын қорғайтындығын жеткізді.



















