Жуырда аудан орталығынан 100 шақырымға шалғай орналасқан Көктұма ауылында дәрігерлік амбулатория ашылып, жергілікті тұрғындар қуанышқа бөленді.
Былтыр емхана құрылысын қолға алған «Бағалы Алакөл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты тыңнан бастап, бас-аяғы бес айда толық аяқтап шықты.
Емдеу мекемесі қазіргі заманғы сапалы құрылыс материалдарымен салынған, сәулеті де ерекше көз тартады. Бұл жерде 11 мекеме қызметкері жұмыс істейді. Оларға алаңсыз жұмыс істеуге толық жағдай жасалған. Емханада тіс емдеу, УЗИ, физиотерапия, егеу бөлмесі, басқа да кабинеттер заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Тек тіс емдеу кабинетін жарақтандыру үшін 4 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жалпы құрал-саймандарға 10 млн. теңге қаржы бөлінген. Емханада күндіз жатып емделетін 10 кісіге арналған бөлім бар. Ғимарат ыстық және суық сумен қамтамасыз етілген. Айналасы әсем шарбақпен қоршалып, көркейту жұмыстары көңілдегідей жүргізілді.
Мердігер ұйымның басшысы А. Сіләмов дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі Г. Бибишеваға символдық кілтті табыс етті.





























