Өткен жыл еліміздегі кеден қызметіне көптеген жаңалықтар мен өзгерістер әкелді. Үш мемлекеттің экономикалық мүддесін тоғыстырған Кедендік Одақ жұмысқа кірісті. Еліміздегі Ресеймен екі арадағы ішкі кедендер өз қызметтерін тоқтатып, олардағы кеденшілер сыртқы кедендерді күшейтуге жұмылдырылды.
Кедендік бақылауға да біраз жаңалықтар енгізілді. Соған сай үшінші елдермен екі арадағы шекаралық кедендерде жауапкершілік барынша күшейтіліп, кеденшілерге қойылар талап арта түсті. Сондай кедендер қатарында Алматы облысының аумағында орналасқан «Достық» кедені мен облыстық кедендік бақылау департаментіне қарасты «Қалжат», «Қорғас», «Қарқара» кеден бекеттері бар. Мұнда автокөлік өткелімен бірге еліміз бен Қытай Халық Республикасы арасын теміржол тармағымен де жалғастырып отырған «Достық» кеденінің қызметі басқаларға қарағанда ауқымды әрі жауапты екені айтпаса да түсінікті.
Былтыр «Достық» кедені қызметкерлерінің кедендік салықтар мен төлемдерді есептеу мен өндіру бағытындағы жұмыстары нәтижесінде мемлекеттік қазынаға 4 838 558 мың теңге түсіп, осынау аса үлкен көлем жылдық жоспарды 118 пайызға орындауға мүмкіндік берген. Түсімдердің 4 млрд. 277 млн. теңгесін (жалпы түсімдердің 88 пайызы) құрайтын негізгі бөлігі мұнай өнімдеріне салынған салықтар мен алынған төлемдерден құралыпты. Соған қарағанда «Атасу – Алашаңқай» мұнай құбырының жұмысы ырғақты жүріп жатқан сыңайлы.
«Достық» кеденіндегі статистика және тәуекелдерді талдау бөліміндегілердің хабарлауынша, 2011 жылдың қаңтар – желтоқсан айларында контрабандаға қарсы күрес бөлімінің қызметкерлерімен 11 қылмыстық іс қозғалыпты. Қылмыстық істердің екеуі бойынша мемлекетке келген 59 272 673 теңге өндіріліпті. Сонымен бірге кеден заңнамасы саласында 462 әкімшілік іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылған.
«2009–2011 жылдары Қазақстан Республикасындағы есірткі саудасымен және нашақорлықпен күрес» бағдарламафсы ауқымында Қытай Халық Республикасынан Қазақстан Республикасына кіретін өткелге тауарларды жеткізуді бақылаудың автоматтандырылған жүйесі орнатылды. Сондай-ақ, кедендегі құрал-жабдықтар қатары автокөлік құралдарын сканерлеуге арналған «Rapiscan M60» ықшамды инспекторлық-тексеру кешені түріндегі интраскопиялық тексеру техникасымен толыққан. Осынау заманауи бақылау техникасының арқасында кедендік бақылаудан өткізу мерзімі барынша қысқарып, автокөлік құралдарын тексеріп-өткізу бекетінің өткізу мүмкіндігі арта түскен.
Кеденнің штаттық саны 68 адамға көбейді. Соған сай өткен жылы қыркүйекте басқа өңірлерден «Достыққа» ауысып келген қызметкерлерге арналып 20 пәтерлі тұрғын үй салынып, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында пайдалануға берілді.





























