Ақсу ауданында "Дипломмен - ауылға" бағдарламасының орындалуы көңіл көншітерліктей.
– Біздің ауданға 2009 жылы 43 жас маман келсе, 2010 жылы білім беру саласына – 16, денсаулық сақтау мекемелеріне 10 дипломды қыз-жігіттер келіп, мамандықтары бойынша еңбек ете бастаған, – дейді аудан әкімінің орынбасары Сәбит Қорғанбаев. – Ал кеше ғана тарих еншісіне айналған 2011 жылы 23 мұғалім, 12 дәрігер, бір-бірден мәдениет және спорт мамандары өздерінің болашақтарын ауылмен байланыстырды.
Жаңадан келген жас мамандарға біз «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша қарастырылған көтерме қаржы мен жеңілдетілген несиелер, тұрғын үй сатып алуға ақша бөліп жатырмыз.
Осылайша үш жылдың ішінде Ақсу ауданына 124 жас маман келген екен. Әрине, бұл өлкенің барлық қажеттілігін өтей алмайды, десе де, сең орнынан қозғалып, жастардың ауылды таңдай бастағанының өзі қуантады. Ендеше, болашақта ұлтымыздың алтын бесігі саналатын ауыл қайтадан өркендейді деген сенім бар.





























